Меню Закрыть

Баланы жауапкершілікке қалай үйретуге болады?

Әрбір ата-ана өз баласының өзі киініп, өзі тамақтанып, ертең өзінің нанын өзі тауып жей алатындай болғанын қалайды. Ол үшін баланың ғана емес, ата-ананың да ерінбей еңбек етуі, яғни дұрыс тәрбиелеп, жауапкершілікке үйретуі керек.
Балаға бөгет жасамаңыз
Кішкентай бала ойыншықтарын шашса, оларды бірден жинауға кіріспеңіз. Бұл мүмкіндікті баланың өзіне беріңіз. Тамақ жеп отырғанда бет-аузына езілген картопты жағып тастады ма? Ұрыспаңыз. Қолына сүрткіш беріп, бетін өзіне сүрткізіңіз. Кішкентай балалар көп нәрсені өз бетімен жасай алады. Алайда, әке-шешесінің шеттен тыс қамқорлығы балаға жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, баланың орнына барлығын істеп бермеңіз, оған бөгет жасамай, шамасы келмей жатса ғана көмектесіңіз.

Баланың ұмтылысын қолдаңыз
Үй жинап жүргенде балаңыз талай рет сізден шүберек не шаңсорғыш сұраған болар? Сол кезде сіз не деп жауап бердіңіз, есіңізде ме? Статистикаға сенетін болсақ, ата-аналардың басым бөлігі \»бөлмеден шық\», \»маған бөгет жасама\», \»бар, ойнай тұр\» дегендей сылтаулармен, баланың көмегінен бас тартады. Қазір ол болымсыз нәрсе болып көрінгенмен, болашақта баланың еріншек болуына әкеледі. Кішкентай қызыңыз ыдыс жууға құштарлық білдірсе, оған жылы су қосып кесе, қасық сияқты ұсақ ыдыстарды жууға мүмкіндік беріңіз. Шала жуса, артынша өзіңіз тазартып аласыз. Ең бастысы, ас бөлмеден қуып, тауын қайтармаңыз.

Баланың күн тәртібін ойластырыңыз
Ересек адамға алдын ала ойластырылған күн тәртібіне сай өмір сүру қызықсыз. Бірақ, балаларға күн тәртібінің болғаны дұрыс. Күн тәртібі болмаған жағдайда, бала еріксіз сандалып жүреді. Бұл ата-анаға да кедергі болады. Себебі баланы қайта-қайта қадағалап, бір нәрсені бірнеше рет еске салып отыру керек. Күн тәртібін қағазға жазып, көрінетін жерге іліп қойыңыз.

Үй шаруасын балаңызға тапсырыңыз
Әрине, барлық үй шаруасын емес. Тек бала орындай алатын, өзіне қауіпсіз әрекеттерді сеніп тапсырыңыз. Мысалы, гүлге су құю, ас ішердің алдында қасықтарды әзірлеу, өз бөлмесін жинау. Бала өзіне жүктелген міндеттерді орындаған сайын мақтауды ұмытпаңыз.

Ақша жұмсауды үйретіңіз
Мектеп жасындағы баланың күнделікті өзіне тиесілі ақшасы болғаны жөн. Сол ақшаны сақтайтын сандықшасы болғаны да дұрыс. Балаға екі нәрсені үйретіңіз: ақшаны ұнаған нәрсеге жұмсау, ақшаны жинап, артынша жұмсау.
Бала осы екі тәсілдің айырмашылығын өзі сезіну керек. Ол үшін анда-санда баладан осы айда жоспарланып отырған шығыс сомасы мен қалдықтың қандай болатынын сұрастырып қойыңыз.

Уәдеңізде тұрыңыз
Ересек адамдардың сөзінде тұрмауы, баланы жауапкершілікке үйретуге кедергі болады. Мысалы, балаңыз ертегі оқып беруді сұраса, сіз одан бірінші бөлмені жинауды талап етіңіз. Бөлмесін жинаса, ертегі де тыңдайды. Бала кез келген себеппен өзіне жүктелген міндетті орындамаса (қырсығып, ұмытып, т.б.), сіз де уәдеден таймаңыз. Баланы аяп, уәдеңізде тұрмасаңыз, ол біріншіден, балаға жауапкершіліктен қашуды, екіншіден, берген уәдені бұзуды үйретеді.

Мақтаңыз
\»Жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады\» деп бекер айтылмаған. Мақтау сөздер балаға күшті жігер береді. Өз бетімен ойыншығын жинап қойса, кешке айтқызбай тісін шайып келсе, мұның барлығын қалыпты нәрсе деп қабылдамай, мақтап қойыңыз. Бірақ, шала істелген әрекет үшін мақтаудан аулақ болған жөн. Бұл бала тәрбиесіне кері әсер етеді. Ондай балалар болашақта бастаған ісін аяқтамайтын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *