Меню Закрыть

Адамның бір қызығы бала деген.

Баланы дамытудың маңызды негізі — ойын

«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып оның шығармашылық қабілетін дамытады. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес».
(В. А. Сухамлинский).
Ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз.Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Баланың өмірге қадам басқандағы алғашқы қимыл әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке бейімділігі, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балалардың қоғамдық құбылыстарды, қоғамдағы ересек адамдардың іс — әрекетін өз түсінігінше еліктеп бейнелеуі ойын болып саналады. Ойынның шығу тарихына шолу жасауда көңіл аударатынымыз, ол еңбекпен, өнермен, қоршаған ортамен тығыз байланыста дамыған, яғни ойынды өмірден ажыратып қарай алмаймыз балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлайды, аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Олар бір нәрсені  жасап қана қоймайды, сондай – ақ, заман ағымына да белсене қатысады.
Ойын дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеті. Ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Адамды өжеттілікке, шапшаңдыққа, ептілікке, батылдыққа, байсалдыққа, тапқырлыққа үйрететін де ойын. Балабақшаларда оқыту, тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру негізгі мақсат. Бұл, әрине, негізінен ойындар арқылы іске асады. Бала үшін ойын өзіндік  жетілдіру мен өзін-өзі көрсетудің құралы. Баланы ойынға қызықтыра отырып, оқу қызметтерін ойын түрінде күрделендіре түсу керек. Ойын баланың ойлау қабілетін жетілдіре отырып, оның қиялын дамытады. Бала жалғыз ойнағанды ұнатпайды, ол қатар құрбыларымен бірлесіп ойнай отырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды.
Оқу қызметтерінде қолданатын ойын түрлері мынадай топтарға бөлінеді:
• Ұлттық ойындар
• Сюжетті-рольді ойындар
• Педагогикалық ойындар
• Дидактикалық ойын
• Шығармашылық ойын
• Қимылды ойындар
Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшеліктері: бала ойланады, эмоциялық белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды. Мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын үстінде бала бейне бір өмірдің өздігіндей қуаныш, реніш сезімге бөленеді. Демек, ойын баланы жан — жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негізі болып табылады. Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы танып түсінуіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып, бір-бірімен жақсы қатынаста болады. Ойын үстінде де бала өз денсаулығын қимыл арқылы нығайтады. Ойынның қандай түрі болмасын атадан балаға яғни ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмір қажеттіліктерінен туады. .Ғұлама ғалым ағартушы Ахмет Байтұрсынов: “Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һам күшті болуымыз керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керек-тердің жолында жұмыс істеу керек” деген екен. Білім беру ісіндегі бүгінгі күннің өзекті мәселесі ел ертеңін ойлайтын білімді де, білікті зейінді де зерделі ұрпақ тәрбиелеу. Балаларды мейірімділікке, әділеттілікке, әдептілікке тәрбиелеу» деген екен. Ал ұрпағымызға халқымыздың құндылықтарын ұлттық ойындар арқылы сіңіре алатынымыз анық.

Ойын мектепке дейінгі балалардың негізгі іс — әрекеті. Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты. Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда, ойын баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен достығын орнататын негіз болып табылады. Ойын  бала үшін біліктіліктің қайнар көзі. Сондықтан жас өрендер ойнай отырып, ойлай білсін.

Балабақша психологы Қуанышбаева Қазына

1 Comment

  1. Асемгуль

    Назарларыңызға баланың ой-өрісін жетілдіретін 8 ойынды ұсынамын.
    Мен сенімен келіспеймін
    Ойында баланың өзіндік құштарлығына қатысты сұрақтар қойылады. Жалғыз баламен емес, топпен ойнаған қызықты әрі тиімді болмақ. Балаларды жұптастырып, әрқайсысына сұрақ қоясыз. Мысалы, балалардың бірінен: «Жақын күндері қандай кітап оқыдың?» – деп сұрайсыз. Ол: «Алтын сақа», – деп жауап беруі мүмкін. Осы кезде оған қарсы сұрақ қоясыз: «Ол жаман кітап, оқудың керегі жоқ». Баланың міндеті – ертегінің жақсы екендігін, оқуға әбден болатынын дәлелдеу. Бұл ойын арқылы бала өз пікірін, көзқарасын қорғауға, дұрыс ойлауға, өзіне деген сенімділікке үйренеді.

    Жауапкершілік
    Бұл ойын да топпен ойналады. Ойын басталмас бұрын балалардың әрқайсысы жүргізушіге белгілі бір тапсырма беруі тиіс. Мысалы, өлең оқу, ән айту, билеу, әтеш болып шақыру. Қойылар талаптарға ешқандай шектеу жоқ. Әркім тапсырма ойлап тауып, жүргізушіге айтқанннан кейін, балаларға ойын шарты түсіндіріледі. Шарт бойынша, ойынға қатысушылар өз тапсырмасын өзі орындауы тиіс. Жүргізушіні аяқтан шалуға тырысқандар, құрған тұзағына өзі түседі. Бұл ойын балаларды көшбасшы рөліне жауаптылықпен, салмақтылықпен қарауға үйретеді.

    Әңгіме құрамыз
    Бұл ойын баланың қиялын дамытады. Балаға тапсырма ретінде араларында логикалық байланыс жоқ сөздерді беріп, әңгіме құруын сұраңыз. Мысалы, орман, дөңгелек, шай, көлік, толқын, ай, қызғаныш, тон, шатыр, қар. Ойын барысында бала қиялының шексіздігіне өзіңіздің де таңданатыныңыз анық.

    Әуе шары
    «Әуе шары» – балаларға дұрыс тыныстауды, босаңсуды үйретіп, балаңызды түсіне білуге көмектесетін тамаша ойын. Балаға ашық түсті шар беріп, үрлеуін сұраңыз. Мұнан соң шардағы ауаны ақырындап өз ішіне жіберуі тиіс. Одан кейін, құдды шар ауа жіберіп жатқандай, іштегі ауаны шығару керек.

    Бұл әрекеттерді жасап болғаннан соң, баладан өзін шар ретінде қалай сезінгенін, қандай күйде болғанын сұраңыз. Осылайша балаға қиын сәттерде қалай тыныштану керектігін үйретіп, қиындықты шешу жолдарын ұсынып, қиындықты еңсеруде неден қиналатынын біле аламыз.

    Шырақты сөндіру
    Бұл ойын да терең тыныстауға үйретеді. Мұрынмен дем алып, ішімізді ауаға толтырып, ауаны аузымызбен шырақты үрлегендей баяу шығарамыз. Бала ойын шартын түсінгеннен кейін, үстелге шырақ қойып, қарсы тұрған орындыққа баланы отырғызамыз. Орындық пен үстел арасындағы қашықтық 2 метр болуы керек.

    Ойын барысында тұруға, шыраққа жақындауға немесе еңкеюге болмайды. Шырақты 2 метр қашықтықтан сөндіруге тырысу қажет. Бала шырақты сөндірмейінше ойын аяқталмайды.

    Жақсы сөз – жарым ырыс
    Бұл жаттығу топпен ойнауға арналған. Балалар шеңбер құра отырады. Әр бала жанындағы көршісінің көзіне қарап, жақсы, жүрекке жылы сөздер айтуы керек. Ал көршісі алғыс айтып, келесі ойыншыға көшеді. Кей балаларға қошемет сөздерін айту қиынға соғады. Бұл ретте көршісіне қатысты сұрақ қойып немесе өзіңіз бір-екі мысалы айтуыңыз арқылы көмектесуіңізге болады. Ойын арқылы балалар көп нәрсеге үйрене алады, себебі жақсы сөз айта білу – үлкен өнер.

    Не болғанын тап!
    Өмірлі жағдай бейнеленген сурет не фотосуреттер алыңыз. Мысалы, әлдекімнің жеңіске жетуі, мақтау қағазымен мараптатталуы. Балаға суретті көрсетіп, қандай көрініс бейнеленгенін, ары қарай не болуы мүмкін екендігін сұраңыз.

    Бұл тапсырма баланың ой-өрісін, қиялын дамытады. Баланың әңгімені барынша анық етіп құрғаны дұрыс. Көмек үшін сұрақтар қоюыңызға болады.

    Оқиға құрастырамыз
    Ойын топпен ойнауға арналған. Барлығы шеңбер құрып отырады. Сіз жүргізуші ретінде белгілі бір оқиғаны бастайсыз: «Ерте-ерте, ертеде…». Мұнан соң балалар шеңбер бойынша кезектесіп бір-бірінің сөзін ілестіріп әкетіп, бір сөйлемнен жалғастырады. Кезек қайта айналып сізге келгенде, оқиға желісін көкейге қонарлықтай етіп аздап өзгертуіңізге болады. Аталған ойын балаларды көңілдендіріп, қызықтырады әрі қиялын дамытады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *